Павлодар – Астана бағытындағы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің үшінші маусымы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бес күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша мәре сызығын бірінші болып Жетісу облысының командасы кесіп өтті, жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секундты құрады.
Екінші орын Маңғыстау облысының шабандоздарына (33 сағат 05 мин. 30 сек.), үшінші орын Алматы қаласының командасына (33 сағат 31 мин. 08 сек.) бұйырды.
Төртінші орынды Жамбыл облысының құрамасы (34 сағат 22 мин. 03 сек.), бесінші орынды Астана қаласының командасы (37 сағат 10 мин. 32 сек) иеленді.
Үшінші маусымда 500 шақырымды еңсерген «Рекорд» командасының келесі шабандоздары үздік атанды: Жетісу облысынан Мәулетхан Ералы (32 сағат 24 мин. 42 сек), Қостанай облысынан Мұхамбетов Әлихан (32 сағат 32 мин. 08 сек), сондай-ақ Шығыс Қазақстан Облысының екі шабандозы - Етреков Әбіш (34 сағат 01 мин. 37 сек) және Жұмашов Дулат (34 сағат 53 мин. 37 сек).
Биыл Павлодар – Астана бағытындағы марафон-бәйгеге барлығы 19 команда қатысқанымен, олардың тек 11-і ғана жарыс қашықтығын толып жүріп өте алды.
«Бүгінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі тек дүбірлі додаға ғана емес, сонымен қатар көшпенділер мәдениетін ілгерілетудің бірегей жобасына айналды. Қыркүйек айында шабандоздарымызды жаңа жарыс күтіп тұр. Олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында халықаралық марафонға қатысады. Бұл – бүкіл әлемге шабандоздарымыздың ептілігі мен шеберлігін, сондай-ақ қазақ жылқыларының төзімділігін көрсетудің тамаша мүмкіндігі», – деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Алғашқы үш жүлдегер команда 2-7 қыркүйек аралығында өтетін «Ұлы дала жорығы» күзгі халықаралық марафонына лицензия алады.