Маңғыстаулық өнерпаздар Грузия елінің Батуми қаласында өткен Наурыз мерекесіне қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Грузия еліндегі елшілігі ұйымдастырған Наурыз мерекесіне Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі және Ә. Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі арнайы шақыртумен барды.
Наурыз мерекесіне арналған шарада филармония өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына арнап орталық алаңда концерттік бағдарламасын ұсынып, музейдің 70-ке жуық ұлттық жәдігерлері келушілерге таныстырылды.
Маңғыстаулық өнерпаздар мерекелік шарада «Елім-ай», «Ақжелең», «Ақ ілме», «Сүгірдің термесі», «Арулар шеруі», «Ақбала Боздақ» шығармаларын орындады. Қазақ шығармаларының көне ұлттық музыкалық аспаптарда виртуоздық орындалуы және дәстүрді көрсететін халық биіне көрермен тәнті болды.
Іс-шара аясында қазақ мәдени мұрасының әсемдігі мен байлығын көрсететін бата беру, шашу сынды қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Қонақтар асық ату, арқан тарту және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысты.
Наурыз көжемен мерекелік дастархан жайылды. Наурызды мерекелеудің шарықтау шегі тұсаукесер дәстүрлі рәсімін өткізу болды.