25 наурыз күні Маңғыстау облысында жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 - 21:30 аралығында "Жер сағаты" жаһандық акциясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық экология департаменті 33 кәсіпорынға аталмыш акцияны қолдау жөнінде ресми хат жолдаған. Аймақ бойынша бірқатар ірісі кәсіпорындары аталған шараға ат салысты.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Гүлім Ұлықбанованың айтуынша, Ақтау қаласы бойынша орталық көшелердің бойындағы 1366 жарық шамдары сөндіріліп, бір сағат ішінде 341,50 кВт электр энергиясы үнемделген. .
"Маңғыстаулықтар бір сағатқа жарық пен электр құрылғыларын өшірді. Бұл шара табиғатты сақтау және планетамыздағы шектеулі ресурстарға қамқорлық көрсету болып табылады. Осылайша адамдар климаттың өзгеруімен күрес идеясына қолдау көрсетті. Осы акцияға қатысуға ниет білдерген операторларға және мемлекеттік мекемелерге алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта экологиялық ахуалды жақсартуға және электр энергиясын үнемді пайдалануға шақырамыз. Сондай-ақ бұл шара келер жылы да жалғасын табатын болады", - деді Гүлім Ұлықбанова.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Жазира Раббаниқызы еліміздің барлық аймақтары қолдау білдірген акция табиғи ресурстарды үнемдеумен бірге экологиялық ахуалды жақсартуды көздейтінін айтады.
"Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілерде аталмыш шараға қолдау білдіру жөнінде үндеу жасалған болатын. Жалпы бұл акция дүние жүзіндегі ең ауқымды шаралар қатарына жатады. Кешкі мезгілде кейбір ғимараттарда жарық пен тұрмыстық техникалар өшірілді. Жаһандық акция әр наурыздың соңғы сенбісінде өтеді", - деді ол.
Бұл шараны ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және "Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі жүктелген болатын.
Айта кету керек, «Жер сағаты» алғаш рет 2007 жылы Австралияның Сидней қаласында бастау алды. Экологиялық шараға қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Акция барысында әлем бойынша планетаның болашағы үшін біріккен іс-қимылдардың қажет екендігін көрсету үшін бір сағатқа жарық өшіріледі. Халықаралық акцияға жер шары бойынша 2 миллиардтан астам адам қатысуға ниет білдірген. Бұл шара әлемдегі 175 мемлекеттің 7 мың қаласында 16 жылдан бері өткізіліп келеді.