Маңғыстау облысы Шетпе ауылында Мекерия Атымов атындағы №6 мектептің 11-сынып оқушысы Нұрсауле Жүсіп ҰБТ-дан 140 ұпайдың 137-сін жинады. Бұл — өңір бойынша ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Нұрсауле Жүсіп 2022-2023 оқу жылы «Жарқын болашақ олимпиадасы», «Білгірлер сайысы» номинациясынан, 2023-2024 жылы республикалық «Ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадада» 1-орын иеленген. Атырау қаласында «Халел Досмұхамбет атындағы педагогикалық университетінің грантын ұтып алды. Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік ауыл мектебінің оқушысы-2024» атағын иеленді. 2023-2024 оқу жылы бойынша республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінен 2-орын, «Күміс алқа» иеленген.
Сондай-ақ, Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің Тұтқабай Әшімбаев атындағы N11 лицейдің оқушысы Жансая Ахметова география-математика пәнін таңдап ҰБТ-дан 136 ұпай жинады. Ол - математика пәні бойынша республикалық «Алтын түлек» олимпиадасының І орын иегері. Әлихан Бөкейханов атындағы республикалық пәндік олимпиадасының облыстық кезеңінде І орын жүлдегері атанған.
Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің түлегі Аида Ермұқан информатика-математика пәнін таңдап, 134 балл жинады. Мектеп директоры Қаламқас Тілеубаева Аида Ермұқанның ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайындалғанын атап өтті.
- Негізгі пәндерден тиісті ұпайдың барлығын жинаған түлегімізбен мақтанамыз. Осы тұста Аиданың математика пәнінен 50 ұпайдың толық 50 ұпайын еншілеуінде математика пәнінің мұғалімі Өсер ағайының еңбегі ерекше екенін атап өткіміз келеді. Жыл басынан бері үнемі байқау сынақтарынан 120-дан жоғары ұпай жинап жүрген білімді түлегімізден келесі мүмкіндікте де жоғары нәтиже күтудеміз, - дейді Қаламқас Тілеубаева.
Ұлттық бірыңғай тестілеу әлі де жалғасып жатыр. Өңірімізде жоғары нәтиже көрсеткен түлектер саны артып келеді. Олардың қатарында Ақтау қаласында №12 мектептің оқушысы Мадина Рамазанова да бар. Түлек физика-математика пәнін таңдап, 128 ұпай жинақтады.