Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Оразкелді Қартбаев пен Динара Қартбаева жылыжайда қызғалдақ өсіреді. Олар екі жылдан бері бұл кәсіпті жанына серік етіп, бүгінде гүл баптаудың нағыз маманына айналып үлгерді. Осы ретте mangystaumedia.kz тілшісі арнайы жылыжайға барып, гүл өсірудің құпиясын біліп қайтты.
Кәсіпкер Динара Қартбаеваның айтуынша, қызғалдақ өсірумен айналысуға ағасы себеп болған. Гүлдің баданасын арнайы Голландиядан алдыратын азаматтан сатып алады. Қазіргі таңда жылыжайда қызғалдақтың 10 түрінен, атап айтқанда Strong gold, Strong love, Albatros, Angola, Adriaana сынды 15 000 түп гүл өсіп тұр.
«Қызғалдақ гүлін өсіру тиянақтылық пен жауапкершілікті талап етеді. Көктемнің символына айналған гүлді өсіру жұмыстары қазан айынан басталады. Оның баданасына да ерекше күтім керек. Егер оны дұрыс күтпесең, ол көктеп немесе шіріп кетуі мүмкін. Сондықтан да бадананы сақтаудың тиімді жолы – төмен температура. Себебі бадананың ішіндегі крахмал глюкозаға ауысуы керек. Бұл процесс тек салқын температурада болады. Егер жылы температурада тұрған бадананы ексек, онда одан гүл шығуы екіталай», - дейді Оразкелді Қартбаев.
Баданаға жеткілікті күтім көрсеткен соң қаңтарда жылыжайға гүл егуді бастайтынын жеткізді. Ал бадана 40 күн ішінде гүлдейді, кейін сатылымға шығарады. Сондай-ақ ол қызғалдақтарды салқында сақтау керек екенін атап өтті. Егер жылы жерде тұрса, гүлі тез ашылатынын тілге тиек етті.
Кәсіпкердің айтуынша, бес ай бойы баптап өсірген гүлі жоғары сұранысқа ие. Тіпті, алдын ала тапсырыс алып, тұтынушының көңілінен шыққан кездері жиі болған. Биылғы мереке қарсаңында да кәсіпкер көпті гүлмен қуантуға дайын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА