Маңғыстауға эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындары өз еркімен Құлсары қаласына қайтып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Үш күннен бері 600-ге жуық құлсарылық үйіне қайтқан. Маңғыстау облыстық мәслихат жанынан құрылған штаб мүшесі бүгін 280 адам 5 автобуспен туған жеріне қайтқанын айтты.
Ақтаудағы эвакуациялық пункт ретінде жасақталған 3 мектеп босады. Енді бұл уақытша паналау орындарында тазалық жұмысы жүргізіледі. Егер Атырау қаласына қауіп төнсе, осы пункттер қабылдауға дайын болады, - деді Маңғыстау облыстық мәслихат жанынан құрылған штаб мүшесі Сәкен Мыңбаев.
Ақтау мен Жаңаөзен, Мұнайлы ауданына эвакуацияланған 100-ден аса адам пойызбен үйіне кеткен. Ал Қарақия ауданынан кешеден бері 30 шақты адам Құлсарыға жеткізілді.
Маңғыстау ауданына қоныстанғандардың 36-сы пойызбен қайтса, 17-сі автобуспен жолға шыққан.
Мың алғыс сіздерге! Жақсы қарсы алды, енді міне үлкен автобуспен жолға шығарып салып жатыр. Ауылдағы жағдайды көріп, шаруаны реттейік деп кетіп бара жатырмыз. Маңғыстаулықтар бізді қиын күнде жылатпай, жақсы қарсы алған еді. Келгенде жеңіл көлікпен келіп едік. Енді үлкен автобуспен кетіп барамыз. Сіздерге рақмет, аман жүріңіздер, - деді құлсарылықтардың бірі.