Биыл Маңғыстау облысына үш мыңға жуық қандас көшіп келген. Маңғыстау қабылдау өңіріне жатпайтындықтан оларға ешқандай қолдау шаралары мен жеңілдіктер жасалмаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қандастардың визаларында Солтүстік өңірлер белгіленген. Сондықтан алыс-жақын шетелден келгендер сол өңірлерге барып тұруы керек. Маңғыстау қабылдау өңіріне жатпайтындықтан, мемлекет тарапынан бізде ешқандай қолдау жоқ. Көшіп келуші қандастарға да, шетелдіктерге де және Қазақстанның өзге өңірлерінен көшіп келемін деуші азаматтарға да жеңілдік қарастырылмаған», - деді Маңғыстау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Досан Жеткізген.
Айта кетсек, жыл басынан бері өзге өңірлерге ерікті түрде 157 маңғыстаулық қоныс аударған. Олар негізінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына көшкен.