Бүгін, 20 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында МАЭК модернизациясын жеделдету және аймақтағы су, жылу құбырларын жаңарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы Энергетика және ткш басқармасының басшысы Абдеш Түркменбаевтың айтуынша, кәсіпорынды жаңғырту аясында құны - 127,7 млрд.теңге құрайтын 6 жобаның құрылысы және жаңғырту жұмыстары іске асырылмақ.
-Кәсіпорын облыстық коммуналдық меншікке берілген соң, энергетикалық жабдықтарға техникалық аудит жүргізіледі. Тәулігіне 24 мың текше метр су тұшытатын қондырғы құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына берілді. Бу-газ қондырғысының құрылысы электр энергиясы қуатына арналған жеке инвестициялық тариф арқылы іске асырылмақ. Бүгінде ҚР Энергетика министрлігімен инвестициялық келісімдер жасақталды, - деді басқарма басшысы.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев комиссия құрып, оған энергетика саласының ардагерлерін тартуды тапсырды.
– МАЭК-тегі жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған, барлығын жаңғырту үшін үлкен инвестиция қажет. Ол үшін сала ардагерлерін тарта отырып, кәсіпорынды дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, қажет болған жағдайда басқа өңірлерден де білікті мамандарды шақыру қажет, – деді облыс әкімі.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жылу желілерін қайта жаңғырту да МАЭК мекемесін жаңғырту мәселесі секілді басым бағыттардың қатарында.
– Жылу желілерінің тозуы 88 пайызды құрайды. 9 блокты қазандық орнату электр станциясына түсетін жүктемені азайтпақ. Барлық әлеуметтік салада жұмыс көп, бірақ МАЭК шұғыл әрекет етуді талап етеді. Тұтынушылар арасында ашық қарым-қатынас орнату да маңызды. Коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Жиын қорытындысы бойынша аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.