Ақтау қаласында қоян-қолтық ұрыстан ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының біріншілігі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жарыстың мақсаты - әскерилердің арасында қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұлан чемпионатына қатысатын жауынгерлерді іріктеу.
Спорттық жарыстың ашылу салтанатында Ақтау қаласында орналасқан 3502 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Нұрмұратов сөз сөйлеп, әскери қызметшілердің арасында спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап көрсетті.
- Ақтау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 3502 әскери бөлімінің базасында «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің жауынгерлері арасында жарыс өткізіп отырмыз. Бұл жарысқа әскери бөлімнің барлық бөлімдерінен 7 салмақ дәрежесі бойынша 50 – ге жуық спортшы қатысып отыр. Мұндай спорттық жарысты өткізудегі мақсатымыз – әскери қызметшілердің арасында бұқаралық спортты дамыту, алдағы болатын Ұлттық ұлан біріншілігіне қатысатын үздіктерді анықтау деді - «Батыс» өңірлік қолбасшылығының спорт және дене даярлығы қызметінің бастығы подполковник Бахтияр Қалдыбеков.
Жарыстың қорытындысына келсек, қоян-қолтық ұрыстан жалпы командалық есепте 6655 (Ақтөбе қаласы) әскери бөлімінің жауынгерлері үздік деп танылса, екінші орынды 5548 (Жаңаөзен қаласы) әскери бөлімінің спортшылары иеленді, ал үшінші орынды 3502 (Ақтау қаласы) әскери бөлімінің жауынгерлері қанағат тұтты.
Салмақ дәрежелері бойынша жеңіс тұғырынан көрінгендер 57 келіге дейін салмақта ефрейтор Марданов Ізтілек Болатұлы 6655 әскери бөлімінің жауынгері (Ақтөбе қаласы), 62 келіге дейін қатардағы Морозов Виталий Александрович 6656 әскери бөлімінің сарбазы (Ақтау қаласы), 67 келіге дейін қатардағы Мимбулатов Мансұр Сайдаминұлы 3502 әскери бөлімінің сарбазы (Ақтау қаласы), 73 келіге дейін ефрейтор Измурзаев Нұрсұлтан Асқарұлы 6655 әскери бөлімінің жауынгері (Ақтөбе қаласы), 80 келіге дейін қатардағы Калашников Николай Евгеньевич5546 әскери бөлімінің сарбазы (Атырау қаласы), 88 келіге дейін кіші сержант Рысмұхамбетов Темирлан Нұргелдіұлы 6655 әскери бөлімінің жауынгері (Ақтөбе қаласы), 97 келіге дейін қатардағы Насіпкалиев Әли Ғанимұратұлы 5517 әскери бөлімінің сарбазы (Орал қаласы).
Жарыстың жабылу рәсімі барысында бөлім командирі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қоян-қолтық ұрыстың маңыздылығы зор екенін атап өтіп, турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, жарысқа қатысушыларға алғысын білдірді. Жалпы қоян-қолтық ұрысы Ұлттық ұлан әскерінде, әскери қолданбалы спорт түрі ретінде кеңінен тараған спорттың бірі. Бұл спорт түрі бойынша Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде, өңірлік қолбасшылықтарында жыл сайын түрлі жарыстар өткізіліп келеді.
Айта кетейік, өткізілген турнирдің жеңімпаздары шілде айында Қызылжар қаласында өтетін Ұлттық ұлан біріншілігінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайды.