Бүгін Ақтауда «Жомарт жан» сыйлығының лауреаттары анықталды. Соның ішінде «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша Нұрлыбек Адеков, Ұлбосын Ахметова және Меруерт Омарова марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz cайты.
Нұрлыбек Адеков – Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, «Ай-Ди Строй» ЖШС директоры. Ол Түпқараған ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға және Ақтау қаласындағы ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға материалдық көмектер көрсетіп келеді. Жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Облыстық балалар үйінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына үлес қосып, жаңа ойыншықтар алып беріп, ойын бөлмесін жабдықтады. Түпқараған ауданы жастарының Ер Қосай және Ақшұқыр ауылдық спорт мектептеріндегі шараларға қатысуына қаржылай көмек көрсеткен.
Ұлбосын Ахметова – «Қайсар Сервис» ЖШС директоры, құрылыс саласының ардагері. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға, әскери бөлімдерге, облыстық балалар үйіне, спорт және мәдениет қызметкерлеріне қаржылай көмек көрсетіп келеді. Облыстың еңбек ардагерлерін, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген және Чернобыль апатының ардагерлеріне қолдау көрсетіп, «Сая сауықтыру» демалыс орталығында ақысыз негізде сауықтырып отыр.
Меруерт Омарова – Бейнеу аудандық мәслихаты депутаты, жеке кәсіпкер. Меруерт Балиқызы да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, олардың жазғы демалыс лагерьлерінде демалуына қаржылық көмек көрсетіп келеді. Жыл бойы өтетін мерекелік шараларға қолдау білдіріп, білім беру ұйымдарында цифрлық кабинеттің ашылуына, жылыжай салуға демеушілік жасаған.
Еске салайық, «Жомарт жан» сыйлығы «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациялары бойынша берілді.