Атырау қаласында су тасқынының алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Атырау қаласына көмектесу мақсатында Маңғыстау облысындағы бірнеше кәсіпорын техникасын жіберді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысынан теміржол тасымалы арқылы тиеу, көтеру, қазу жұмыстарына арналған 10 арнайы техника жіберілді. Нақтыласақ, «Альянс ЛТД» мекемесінен 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, «Қаражанбасмұнай» АҚ 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, «Гатин» мекемесінен 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, «ОңдасынСтрой» компаниясынан 1 экскаватор және «Морпорт Актау» мекемесінен 2 жүк тиегіш, «АС-Құрылыс» компаниясынан 1 автобус Атырауға жіберілді.
«Мұндай жағдай ешкімге оңай емесі анық. Сондықтан атыраулықтарға қолдау көрсету – бәріміздің азаматтық міндет. Экскаватор кез келген қаттылықтағы топырақты қазуға қауқарлы. Ал жүк тиегіш көлігі күреу және көтеру жұмыстарын мінсіз атқарады. Қаражанбас атынан жіберілген арнайы техникалар су тасқынан зардап шеккен және әлі де қауіп төніп тұрған елді мекендерге бөгет салу және нығайту жұмыстарына жұмылдырылады. Көліктерді басқаратын жұмысшыларымызға да зор жауапкершілік артылып отыр. Бастысы қауіпсіздік талаптарын сақтап, қажетті көмек көрсететініңізге сенемін!» - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Марат Елеусінов.