Маңғыстау облысының прокуратурасы жалған дипломдарды пайдаланудың 8 фактісін анықтады. Оның ішінде Ақтау колледждерінде бес оқытушы, Қарақия ауданында үшеуі жұмыс істеген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Прокурорлар барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және материалдар одан әрі тергеп-тексеру үшін полиция органдарына берілді.
Мысалы, құқық бұзушылардың бірі 2 жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша оқытушы болып жұмыс істеген.
Қарақия ауданының соты оны көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385 - бабының 3-бөлігі бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындап, қылмыстық жауапкершілікке тартты.
Осындай құқық бұзушылық үшін сот сол колледждің басқа екі оқытушысына қатысты үкім шығарып, оқытушылар жұмыстан шығарылды.
Төрт эпизод бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеуі рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды.
Бір факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Айта кетейік, 2022 жылы прокуратура ұқсас фактілер бойынша 14 қылмыстық істі тіркеді. Ведомство осы бағытта жұмысын жалғастырып жатыр.