Аққулардың қырылуына себеп болған жайттарды анықтау үшін Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының, Үстірт мемлекеттік қорығының қызметкерлері, ветеринарлар, облыстың экология департаменті мен ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, сондай-ақ аумағында осы көл орналасқан "МАЭК" ЖШС экологтары Қаракөл көліне барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сарапшылар тексеріс барысында 10 аққу өлексесін анықтады. Олардың барлығы сыбырлақ аққу түріне жататындығы анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл түр ҚР Қызыл кітабына енгізілмеген. Ветеринарлар өлі аққулар бір жасқа да толмағандығын, әлі өте жас екенін айтады. Олардың мәлімдеуінше, аққулар қыста аман қалу үшін бойына қажетті майды да жинай алмаған. Аққулардың мұндай халге душар болуына тағы бір себеп бар.
"Бұған тағы бір себеп – қатты аяздың болуы. 1 желтоқсаннан бастап температура -15 градусқа дейін төмендеді. Каспий теңізі мен Қаракөл көлінің жағалау жиегі мұзбен көмкерілді. Осыған орай жас әрі епсіз құстар жем - шөп табу қиынға соққан", - деп атап өтті облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдері.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қаракөл көлінде 10 мыңнан астам аққу қыстайды. Экологтар су мен топырақ сынамаларын алды, ал ветеринарлық инспекция мамандары өлген аққуларға талдау жасады.