Техникалық қадағалау мекемесінің сарапшысына Маңғыстау облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолы құрылысының барысын тиісінше бақыламағаны үшін 180 АЕК (572 400 теңге) сомасына айыппұл салынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz жол активтері сапасы ұлттық орталығы облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Шетпе-Қызан" ("Тасмұрын-Мәстек" учаскесі) бағытындағы автомобиль жолының 49-85 шақырымы қайта жаңартуға жатады. Мұнда жол инженерлері ақауларды анықтап, облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасына жүгінді. Өйткені бұл учаскеде тиісті деңгейде бақылау жүргізілмеген.
Нәтижесінде техникалық қадағалау сарапшысына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша хаттама жасалды. Сондай-ақ, техникалық қадағалау жөніндегі аттестаттың қолданылу мерзімі 6 айға тоқтатылды.
"Ұлттық жол активтері сапасы орталығы қызметкерлерінің араласуымен Құрық-Жетібай автожолының 40-64 шақырымында 9200 текше метр көлемінде қиыршық-құм қоспасынан жасалған трассаның негізі қайта ауыстырылды. Сонымен қатар, "Шетпе-Қызан" жолының 49-85 шақырымында 7504 м2 асфальтбетон жабыны ауыстырылды", - деп хабарлады аталған орталықтың баспасөз қызметі.