«Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы тапсырысымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Өңірлік ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асырды. Аталған жоба қорытындысы ретінде «Үкіметтік емес ұйым және қоғам» атты нетворкинг алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Нетворкинг алаңының мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қоғамның назарын аудару, жас және кәсіби ҮЕҰ-ға қолдау көрсету, азаматтық сектор, ҮЕҰ өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту үшін тәжірибе алмасу, сондай-ақ серіктестік орнату.
- Біз бүгін «Үкіметтік емес ұйым және қоғам» атты нетворкинг алаңын ұйымдастырдық. Ең алдымен үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері байланысын қалай күшейтуге болатыны турасында әңгіме өрбітіп, ақпаратты жедел жариялауға болатынын түсіндірдік. Баспасөз хабарламасы мен пост жазу және әлеуметтік желілерге жариялау жолдарын көрсеттік, -деді «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Жібек Ахметова.
Іс-шара аясында «Баспа ісі, авторлық құқық» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Сонымен қатар «Қазақша Quiz» зияткерлік ойыны ұйымдастарылды.
Айта кетейік, биыл наурыздан бастап қазан айына дейін ҮЕҰ өкілдеріне, бастамашыл топтарға, қоғамдық пікір көшбасшыларына және облыстың белсенді азаматтарына 500-ден астам кеңес берілді және 20 ҮЕҰ басшыларына жоба жазу бойынша жеке қолдау көрсетілді.
Жоба аясында Маңғыстау облысының үкіметтік емес ұйымдарының арасында әлеуметтік идеялар байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қоғамдық ұйымдардан 21 өтінім келіп түскен. Қорытынды бойынша 3 ҮЕҰ жобасы жеңімпаз атанды. Олар: «Атамекен pro» қоғамдық қорының «Кәсіптік бағдары» жобасы,«Ана махаббат» қоғамдық қоры «Инклюзивті клуб» жобасы,«NGO Service» жеке меншік мекемесінің «Қауіпсіз әжетхана» жобасы.
Іс-шара соңында 3 үздік әлеуметтік идея жеңімпаздары марапатталды. Әр үздік жобаға 100 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды.