Кеше ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, алдымен Ералы Тоғжанов Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында 40 бас асыл тұқымды ешкі өсіріп отырған «7 Lak» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысқан.
Ауыл шаруашылығын дамытуға және жергілікті нарықты жаңа өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған бұл жоба жылына шамамен 40-45 тонна өнім өндіруде.
Одан әрі аталмыш бағдарлама арқылы 8,6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Ақшұқыр ауылында кондитерлік кафе ашқан «ASA-NUR» жеке кәсіпкерлігін қарады. Кәсіпорын ауыл өнімдерінен тәттілер шығарып, табысты жұмыс істеп отыр.
Сонымен қатар, Премьер-Министрдің кеңесшісі Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылында 16 бас аналық және 1 бас аталық жылқы сатып алған кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» жобасының ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға серпін беріп, нарықты сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенімді.
Ералы Тоғжанов Ақтау қаласының Рауан тұрғын алабында орналасқан есік шығаратын цехтың жұмысымен де танысты. Цехты ашу үшін Айтолкын Нарыкова 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Қазіргі уақытта цехтың өнімдері облыс нарығында тиімді бағамен сатылуда.
Сапар соңында, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі облыстың қала, аудан және ауыл әкімдерімен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында кеңейтілген жиын өткізді. Ералы Тоғжанов өңірдегі жұмыстарды оң бағалап, жобаларды әрі қарай жалғастыруды тапсырды.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қабылданған «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ерекше жоба. Маңғыстауда оның жүзеге асу деңгейі өте жоғары. Өткен жылы 1,2 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Соның нәтижесінде халықтың атаулы әлеуметтік көмек алу деңгейі 16%-ға дейін төмендеді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқаты 21%-ға өсті, ал кедейшілік деңгейі 7%-ға дейін азайды. Келесі жылға 2 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр. Бағдарламаның жүзеге асатынына сенімім мол. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды күшейтіп, халықты ауылда жұмыспен қамтып, әрбір азаматқа табыс көзі боларлық мүмкіндіктер жасауға болады, - деді Ералы Тоғжанов.
Жиында «Ауыл аманаты» аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына ерекше тоқталды. Бұл бағдарлама шеңберінде Алматы облысынан келген кәсіпкер Сыдық Давлетов Маңғыстауға 20 бас түйені табыстады. Ол 2,5% несиемен кәсіп ашуға мүмкіндік беретін бұл жобаны басқа кәсіпкерлер де қолдайтынына сенім білдірді.
- Қазір «Ауыл аманаты» бойынша төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға 8-9 млн теңге көлемінде төмен пайызбен несие берілуде. Біздің кәсіпорында 5000 бас түйе бар. Көп адам мал бағумен айналыспайды, сондықтан әркім өз ауылында кәсіп ашып, малын таратса тиімді болады деп ойлаймын. Маңғыстау облысына 20 түйені «Тауарлы несие» ретінде табыстадым. Мемлекетімізде жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз секілді кәсіпкерлер бұл жоба арқылы басқаларға да көмектесе алады. Маңғыстауда осы бастаманың алғашқы қадамы жасалды, - деді Сыдық Давлетов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл аманаты» аясында қолға алынған «Тауарлы несие» бағдарламасын ерекше атап өткен болатын.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» аясында облысқа 1,2 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 165 жоба жүзеге асырылды.