Бүгін, 25 желтоқсан күні Маңғыстау облысында «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Шара 3 қаңтарға дейін жалғасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, ірі сауда орталықтары мен пиротехникалық заттар сататын қоғамдық орындарда рейд жүргізеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында халықтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қадағалау, құқық бұзушылықтың алдын алу. Сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, есепке алу, қолдану, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау.