Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолын салу және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау үшін құрылыс материалдары мен жол төсемдерінен зертханалық сынамалар алып сараптама жүргізуде. Бұл туралы брифингте «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ Автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абай Тұралханов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Биыл 202 шақырымды қамтитын жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарында 10 реконструкциялау және 2 құрылыс бойынша жобалардың жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмысқа Ұлттық қордан 2,9 млрд. теңге, республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 4,5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Осы арқылы биыл жергілікті автомобиль жолдары сапасын жоғары деңгейге көтеру көзделіп отыр. Сондай-ақ облыстық, аудандық, қала мен ауылішілік жолдардың да сапасын бақылау үшін 3 жылдық келісімшарт жасақталды. Шарттың құны - 607 млн. теңге. Биылға бөлінген қаражат - 119 млн. теңге,-деді Абай Тұралханов.
«ҚазАвтоЖол»Ұлттық Компаниясы» акционерлік коғамының Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Арман Жолдықұловтың айтуынша, Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар автожолдарға орташа жөндеу қарастырылған. Олардың жалпы ұзындығы - 1013 шақырым. «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» автожолының ұзындығы - 576 шақырым. Былтыр шілде айында «Боранқұл - Бейнеу» автомобиль жолының 210 – 311,2 шақырымына орташа жөндеу жүргізу үшін жаңа жоба басталған. "Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау" автомобиль жолының 372,6-514 шақырымы мен 574-632 шақырымына, яғни жалпы ұзындығы 200 шақырымды құрайтын жол бөлігін жөндеуге (жөндеу аралық мерзім 2020 жылы басталды) 10,104 млрд. теңге көлемінде қаржы көзделеді. "Ақтау-Құрық" автомобиль жолының 59 шақырымын (жөндеу аралық мерзім 2022 жылы басталды) жөндеуге 2,880 млрд теңге қажет. Автожолдарды орташа жөндеу бойынша жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жүргізуге 2024 жылға арналған жалпы алдын ала сома 25,8 млрд.теңгені құрайды.
Сонымен қатар қазіргі таңда 45 нысанда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жасалған келісімшарт негізінде жөндеуден өтетін барлық нысан тексеру жұмыстарымен толықтай қамтылады. 2023 жылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша материалдар мен жұмыстар сапасын сараптау үшін 359 рет қадағалау жұмыстары жүргізілді. 1798 жол-құрылыс материалдары іріктеліп, оның ішінде 325 сынама нормативті құжаттар талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Осы жылдың 8 ай қорытындысы бойынша облыс көлемінде жылжымалы жол зертханасы көмегімен 797,8 шақырымына автомобиль жолдарына диагностикалау және аспаптық тексеру жұмыстарын жүргізді,- деді «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы»РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының зертхана меңгерушісі Гаухар Чухрукидзе.