Маңғыстауда тамыз айынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы жүзеге асты. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Шамурайт Шаменов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, жоба мақсаты – белсенді азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараға волонтер ретінде тарту. Жоба аясында волонтерлар: қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және білім беру, pro-bono еріктілік (кәсіби көмек көрсету), корпоративтік еріктілік шараларына қатыса алады. Сондай-ақ облыста 90-ға жуық волонтер тіркеліп, аталған жоба аясында өз жұмыстарын бастап кетті.
Жоба басталғанына аз уақыт болғанына қарамастан волонтер өз жұмысының нәтижесін көрсетті. Мысалы, волонтерлер Бейнеу бағытында автожолда шұңқырдың пайда болуы жөнінде шұғыл хабарлап, Департаменттің ықпалымен «ҚазАвтоЖол» мекемесімен кемшілік жойылды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтарды хабарлаған тұлғаларға бөлек негіздеме қарастырылған. Жемқорлық фактілерін хабарлаған азаматтар мемлекеттің қорғауында болады. Есептік мерзімде 7 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 22 ұсыныс беріліп, 17-сі орындалды. Үкімет қаулысы мен министрлік бұйрығы арасындағы қайшылықтар түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша хабарлаған тұлғаларға, әкімшілік істер бойынша 103 мың теңге(30 АЕК), қылмыстық істер бойынша 138 мыңнан бастап 13,8 млн теңгеге дейінгі сыйақы төленеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінде тәулік бойы колл центр жұмыс жасайды. Аталған қылмыс бойынша, 1424 телефонына қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ ақша бопсалап пара беруге мәжбүрлеген жағдайда, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген жағдайда, жемқорлық фактілер және жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адам туралы ақпарат беруге болатынын естеріңізге саламын,- деді Шамурайт Шаменов.