Маңғыстау өңірінде заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл кешенді жоспары орындалып жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Марат Балгазин айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, соңғы үш жылда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 30- дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды және 11 қылмыстық топ құрықталды. Осыдан 4 жыл бұрын дүкендерде, сауда орталықтарында және компьютерлік клубтарда орналасқан ойын автоматтары қызмет етті. Алайда соңғы кездері жағдай күрт өзгерген.
- Қазіргі уақытта ойын автоматтарының жасырын қызметіне қатысты бірер деректер кездеседі. Алайда олардың да күні таяу, себебі ұялы байланыс операторларының SIM карталары арқылы ойын автоматтарын қашықтан өшіру механизмі іске асырыла бастады. Сондай-ақ, жасырын казинолардың қызметіне қарсы күрес жүйелі жүргізіліп келеді. Жыл сайын шамамен 30-40 факті анықталады. Ал, аталған мәселеге қатысты 500-ден астам іс қозғалып, 2,5 мың ойын терминалы жойылды. Барлығы 200 іс қозғалып, покер үстелі, рулетка және басқа да құрал-жабдықтар түрінде 4 мыңнан астам затты тәркіледік,- деді Марат Балгазин.
Букмекерлік кеңселердің сайтына тіркелу үшін тек телефон нөмірі талап етіледі. Сондай-ақ жалған тұлғалар атынан шот ашу, соның ішінде оларды бөгде адамдарға қайта сату тәуекелдері бар. Департамент басшысының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Темірлан Наурызбай пікірін білдірді.
- Қолданыстағы заңға сәйкес тыйым салынғанымен букмекерлік кеңселерде 180 мыңға жуық жас 36 млрд теңге көлемінде бәс тіккен. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін ойыншылардың арнайы сайттарда кедергісіз тіркеліп, мүмкіндігінше қомақты қаржы жұмсауы аса маңызды. Сондықтан ойыншы қаражатты кімнен және қандай жолмен табатыны оларды мүлдем қызықтырмайды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер терминалдар арқылы ойын шоттарын қолма-қол ақшамен анонимді түрде толтыра алады. Көпшілік жасөспірімдер ақшаны қайдан алады деген сауалды жиі қояды. Бұл - баршаға ортақ өзекті мәселе. Кәмелетке толмағандарға онлайн несие рәсімдеп, кейін міндеттемелерді ата-ана мойнына жүктейтін микроқаржы ұйымдарының жұмысына көпшілік наразы,- деді Темірлан Наурызбай.