Алғаш рет Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасында СМA ауруына шалдыққан бүлдіршінге «Спинраза» препараты салынды. Емдік препараттың құны – 38 млн теңге. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балалар ауруханасы директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, СМА – жұлын бұлшықеттерінің атрофиясы. Бұл – жұлын бұлшықетінің қимыл-қозғалысқа жауап беретін бөлігінің әлсіздігінен туындайтын сирек кездесетін туа бітті ауру түрі.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті «Неврология және психатрия» кафедрасының бөлім меңгерушісі, доцент Д.Н Аяғанов, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Мария Алдабергенова және аталған аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Мереке Нұрдәулетұлы жалпы анестезия бойынша интратекальді түрде бүлдіршіннің жұлын-ми сұйықтығына «Спинраза» атты гендік препаратты енгізді. Дәрігерлер науқастың қимыл-қозғалыс деңгейі жақсы деп бағалады. Ем-шара асқынусыз өткен.
Жалпы аталған препаратты науқасқа 4 рет салу қажет. Алдағы уақытта препарат 3 және 20 қаңтар күні, сонымен қатар ақпан айының соңында салынады. Препаратты салмастан бұрын дәрігерлер науқастың жағдайын қадағалап, толық тексеруден өткізеді.
Сондай-ақ «Спинраза» ампуласынан бөлек СМА ауруына шалдыққан балаларға таблетка түріндегі «Рисдиплам» дәрісі де тағайындалып отыр.
Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында жұлын бұлшықет атрофиясы генетикалық ауруға шалдыққан 4 бала бар. Олар әрдайым ата-ананың және дәрігерлердің бақылауында.