Маңғыстау облысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында 200-ге жуық шара ұйымдастырылып 8 мыңға жуық жас қамтылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мақсат Боранғұл айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, өткізілген шаралардың мақсаты өңірдегі жастарды қолдап, бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау.
-Бүгінде өңірде 14 пен 35 жас аралығындағы 232 994 адам тұрады. 2022 жылдың 1 желтоқсандағы көрсеткіші бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 159 жас жұмысқа орналастырылды. «Жасыл ел» жобасы бойынша 1756 жас облыстағы елдімекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тартылды. Өңірдегі 200-ге жуық шара, «Болашаққа сеніммен», «Кеңес алаңы», «Jastar Books», «Кәсіби бағдар», еркін форматтағы жастармен кездесу жобалары аясында жүзеге асырылды, - деді Мақсат Боранғұл.
Спикердің айтуынша, жазғы маусымда мәдени шаралар, яғни «Кино кеші», «Гитара кеші» жиі ұйымдастырылған. Сондай-ақ, биыл жастар күні ерекше аталып өтті. Ақтаулық өнерлі жастардың басын қосқан «Жиналайық» кешіне 5000-ға жуық адам қатысқан.
Сонымен қатар, жастарды дамыту бағыты бойынша мемлекеттен 75 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Жоғары және орта мамандандырылған оқу орындарында студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамыту», «Жастар театрының жұмысын ұйымдастыру», «Маңғыстау жастары» жастар интернет порталының қызметін ұйымдастыру және ақпараттық сүйемелдеу www.mangystauzhastary.kz, «Жұмысшы жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру», «ТМД елдеріне тағылымдамадан өту», «Әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған шағын гранттар».
Аталған жобалар аясында 24 тамыз-7 қазан аралығында өңірдегі жастарға арналған шетелдік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін байқау жарияланды. Байқауға түскен 101 өтінімнің ішінен 10 адам жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың І-тобы қазан айында Қырғызстан республикасының Бішкек қаласында, ал ІІ-тобы қараша айында Грузия республикасының Тбилиси қаласында тағылымдамадан өтті. Қатысушылар аталған елдердің үздік жастар ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдарының, әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарының қызметімен танысты.
Алдағы 2023 жылы жастарды қолдау бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру шеңберінде 100 миллион теңге қаржы бөліну жоспарланған. Аталған қаражатқа «Жас көшбасшылар мектебі» жобасы, жасөспірімдерге арналған кәсіби бағдарлау жұмысын ұйымдастыру, шығармашыл жастарды қолдау бағытында облыстық ойындарын ұйымдастыру, жасөспірімдер мен жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, жастар арасындағы қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар арасындағы негізгі проблемалар мен тәуекелдерді анықтау, әлеуметтік зерттеуді өткізу және кешенді іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жобалар жүзеге асырылады.