Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірлесіп, пиротехникалық бұйымдарды сақтау, сатып алу және тасымалдауға қатысты мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Тексеру барысында 4 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ақтау қалалық полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Берік Джаулбаев мониторинг жұмыстары 25 желтоқсан басталып, 3 қаңтарға дейін жалғасатындығын мәлімдеді. Шараның басты мақсаты - жаңа жыл мерекесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу.
-Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды бей-берекет рұқсат құжаттарынсыз сату фактілерін анықтау мақсатында рейдтік шаралар жүргізілуде. Біз кәсіпкерлердің пиротехникалық өнімдерді қалай сатып алатынын, тасымалдайтынын және сақтайтынын тексереміз. Тексеру барысында 4 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, - деді Берік Джаулбаев.
Спикердің айтуынша, пиротехникалық бұйымдар автомобиль және темір жол көліктерімен заңға сәйкес тасымалдануы қажет. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалардың мектеп қабырғасында аталған бұйымдарды қолдануына тыйым салынады.
Сондай- ақ, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Сейталиннің айтуынша, доғалы прожекторларды, шырақтарды және өртке әкелуі мүмкін басқа да жарықтық эффектілерді ұйымдастыруға, отшашуларды ғимараттар мен құрылыстардан 50 метр жақын жерде, ағаштардың астында, желді ауа-райында қолдануға тыйым салынады. Айта кетейік, былтыр 2020 жылдың 1 қаңтарында Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында орталық алаңда биіктігі 17 метр болатын жаңа жылдық жасанды шырша өртке оранған болатын.
-Департамент өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қалалар мен аудандардың әкімдеріне, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына тиісті шаралар қабылдау туралы ақпараттық хаттар жіберді. Төмендеткіш трансформаторсыз электр жарықтандыру желісін пайдалану кезінде шыршада кернеуі 12 вольтқа дейінгі шамдарды тізбектей қосу арқылы ғана гирляндалар қолданылады. Шамдардың рұқсат етілген қуаты 25 Ватт, - деді Азамат Сейталин.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда пиротехникалық өнімдерді сақтау және өткізу орындары бойынша 400-ден астам үгіт-насихаттық материал, 1 плакат, 309 брошюра, 161 нұсқаулық таратылып, 4 билборд орнатылды. Адамдар көп жиналатын объектілерде жаңа жылдық іс-шараларда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша бейнероликтердің тәулік бойы көрсетілімі ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, өрттің және олардың салдарын азайту мақсатында төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен бірігіп, жыл басынан бері облыс бойынша халық арасында өрт қауіпсіздігі тақырыбында 12 акция өткізген.