Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, Парламент Сенатының депутаттығына сайлау 2023 жылы 14 қаңтарда өтеді. Оған өңір атынан үш адамның кандидатурасы тіркелді.
-Өңірден Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов және «Идальго Актау» ЖШС бас директоры Ирина Беляева тіркелді, дейді Елубай Әбілов.
Бұдан бөлек, үш кандидат «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 73-бабына сәйкес тіркеу үшін қажетті құжаттарды толық ұсынбауына байланысты тіркеуден бас тартылған.
- ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлау жөнінде ақпараттар орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында орналастырылған және сайлау науқаны бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес өтуде, - дейді Елубай Әбілов.