28 желтоқсанда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен облыстық медиация кеңесінің отырысы өтіп, онда облыстық медиация кеңесі «Маңғыстау Медиаторлары» ҚБ құру және оның құрамын бекіту қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, аудандық және оған теңестірілген соттардың алқа төрағалары, төрағалары мен судьялары, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық «Қоғамдық кеңес» және ардагерлер кеңесінің төрағалары, медиаторлар қатысты.
Меморандумның мақсаты - дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институты мәселелерін белсенді енгізу және дауды шешу құралы ретінде медиацияның аясын кеңейту бағытында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық болып табылады.
Облыс әкімі сотта қаралатын даулардың санын азайту, оларды шешудің баламалы нысандарын, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, медиация – екі тарапты татуластырудың ең қысқа жолы.
– Өздеріңізге белгілі, 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы заңы» қабылданған. Мақсат – сот жүйесіне түсетін салмақты азайту. Сотта қаралатын даулардың санын қысқарту, оларды шешудің баламалы нысандарын, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу қоғамымыздың маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Елімізде медиацияны дамыту жұмысы Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген. Осыған орай Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Медиация кеңесі құрылды. Бүгін Достық үйінде медиация кабинеті ашылды, - деді Нұрлан Ноғаев.
Шарада сөз алған Бек Әметов медиация тек сотқа керек деген пікірдің мүлде қате екенін айтып, медиаторларды азаматтар мен қоғамның игілігі үшін бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Содан соң Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Г.Бақытжанова Маңғыстау облыстық соты төрағасының ұсынысымен өңірде алғаш рет «Маңғыстау медиаторлары» қоғамдық бірлестігі құрылғанын айтып, қатысушыларын атап өтті.
Қол қойылған меморандум аясында тұрғындар арасында дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институттары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, дауларды баламалы шешуге байланысты құқық қолдану тәжірибесін түсіндіруге бағытталған іс-шараларды өткізу, судьялардың, кәсіби тренерлердің қатысуымен медиаторлардың жеке және іскерлік қасиеттері мен кәсіби дағдыларын арттыруға бағытталған тренингтер, семинарлар ұйымдастыру жоспарлануда.
Іс-шара барысында Маңғыстау облыстық сотының судьясы Н.Комарова, Ақтау қаласының No2 сотының судьясы Д.Кеншімова, Мұнайлы аудандық сотының судьясы Л.Кенжеева, Бейнеу аудандық сотының судьясы А.Елеусінова медиацияны және татуластыру рәсімдерін дамытуға жәрдемдесу мен азаматтық сот ісін жүргізуді қамтамасыз етудегі үлесі үшін марапатқа ие болды.