Маңғыстау облысы бойынша бүгінгі таңда көкжөтел ауруының зертханалық дәлелденген 27 жағдайы тіркеліп отыр. Атап айтқанда, Ақтау қаласы-17, Жаңаөзен қаласы-4, Қарақия ауданы-1, Маңғыстау ауданы-2, Мұнайлы ауданында 3 жағдай тіркеліп, оның барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар екендігі анықталды, деп хабарлайды mangystamedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаевтың айтуынша, көкжөтел– балаларда жиі кездесетін және жылдам таралатын тыныс жолдарының жұқпалы ауруы. Науқас бала жөтелгенде бактериялар оның демі мен қақырығы арқылы ауаға тарап, ауру сау балаға жұғады. Сонымен қатар сырқат баланың пайдаланған ойыншығы, ыдысы арқылы да ауру жұғуы мүмкін.
Брифинг барысында Бердібек Саралтаев көкжөтел ауруының белгілеріне тоқталып өтті.
- Әдетте көкжөтел 6-7 аптаға созылады. Аурудың жасырын кезеңі 2-15 (көбінесе 5-7) күнге дейін созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі. Мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5 – 39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті болмайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), жиі жөтелген кезде бала булығып қысылады. Қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 апта, кейде 2 айға созылады. Содан кейін көкжөтелдің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2-3 апта «жай» жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады,- деді Бердібек Саралтаев.
Сондай-ақ, Маңғыстауда соңғы рет көкжөтел ауруымен 2020 жылы 10 адам тіркелген. Ал биыл ауырған 27 баланың барлығы да екпе алмаған.
- Көкжөтелге қарсы ҚР ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес аурудың алдын алу үшін 2, 3 және 4 айлығынан бастап балаларға жоспарлы профилактикалық екпелермен қамту жұмыстары жүргізіліп басталады. Одан әрі қарай балаға 1 жас 6 ай және 6 жасқа толған кезде ревакцинация, яғни қайталап егу жүргізіледі.
Көкжөтел ауруының асқынуы тыныс жолдарының, мидағы қан айналымының бұзылуына және баланың басқа да организміне қауіпті ауруларды әкелуі мүмкін. Бір жасқа дейінгі емізулі балалар үшін көкжөтел ауруы қауіпті, сондықтан ауруға қарсы екпені мүмкіндігінше белгіленген мерзімде алуға кеңес береміз,- деді Бердібек Саралтаев.