Елде жастар мәселесін шешуге ерекше дең қойылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында «жастар үшін» деген жаңа принципті қалыптастырды. Бекітілген ҚР-ның 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы аясында қолдау мүмкіндіктері де кеңейтілді. Бұл ретте ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысып, әлеуетін дамытуға және еңбек біліктілігі арқылы кәсіби шыңдауға, соның ішінде цифрлық сауаттылығын арттыруға басты назар аударылуда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басында Маңғыстау облысында 159 120 жас тіркелген. Оның ішінде 92 155 жас ауылда тұрады.
Жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тартудың бірден бір жолы - қоғамдық кеңестің жұмысын реформалау. Тәжірибе көрсеткендей, кеңестің міндеті - мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық мониторинг жүргізу. Жалпы, бұл тұрғындардан түйткілді мәселелерді жинауға арналған диалог алаңы және жастарды жұмыспен қамту, олардың ел дамуы үшін идеяларды қалыптастыруына жағдай жасау, жастардың мүддесіне назар аударуға мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста 8 қоғамдық кеңес бар. Оның ішінде 1 облыстық, 2 қалалық және 5 аудандық кеңес табысты жұмыс істеуде. Ұжымда 138 адам бар, оның ішінде жастардың үлесі 12,3% немесе 17 адам.
Мәселен, жаңаөзендік жастардың белсене атсалысуымен былтыр қоғамдық кеңес жанынан жас жаңаөзендіктерді жұмысқа орналастыру жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. 152 жас тұрақты жұмысқа қабылданды.
– Жастар Жаңаөзен қаласындағы мектепті заманауи ортопедиялық парталар мен орындықтармен қамтамасыз ету жобасын да қолға алды. Ол үшін қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге Петропавл қаласындағы Абай мектебінде болдық. Орындалған жобалардың қатарында жаңаөзендік мұғалімдерді жаңа әдістеме бойынша қайта даярлау да бар. Бұл жерде қаладағы мұнай өндіруші кәсіпорындардан қаржылай қолдау алып үлгердік», – дейді Жаңаөзен қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Бисенов.
14 пен 35 жас аралығындағы маңғыстаулықтарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы өтіп жатыр. Байқауда бес бағыт бойынша 1 млн теңге беріледі. Яғни, 25 грант ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және БАҚ сияқты салаларды қамтиды.
Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының хабарлауынша, дарынды жастарға арналған байқау қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірімен таныстыруға, бизнес әлеміндегі өз орнын табуына мүмкіндік береді.