Ақтауда «BIG4 2023» Орта Азияның негізгі төрт жетекші саласының халықаралық көрмесі өтуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«OIL City Aktau-hub» көрме орталығының ашылу салтанатына Қытай елінің мемлекеттік өкілдері, кәсіпкерлер мен Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қатысты. Көрмеде 180-ге жуық зауыттың мұнай-газ жабдықтары мен материалдары ұсынылған. «OIL City Aktau-hub» көрмесі мұнай-химия, тау-кен өндіру, электр энергетикалық жабдықтар, машина жасау және құрылыс үшін жабдықтар импорттауға бағытталған.
Іс-шара барысында қала әкімі сөз сөйлеп, елдегі транспорттық-логистикалық, туристік потенциалды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
-Маңғыстау облысы – біздің Республикамыздың теңіз қақпасы болып есептелетін өңір. Жалпы Қазақстанның 25% мұнайы Маңғыстау облысында өндіріледі. Мұнай саласы бұл облысымыздың күретамыры болып есептеледі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысында транспорттық-логистикалық, туристік потенциалды дамытуға кешенді іс-шаралар жоспары қабылданып жатыр. Қала статистикасын айтатын болсақ, былтыр 37 мың шағын және орта бизнес өкілдері болса, биыл бұл көрсеткіш 43 мыңға жетті. Яғни қаламызда шағын және орта бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасалған деп айтуға болады. Жергілікті әкімдік осы бағыттағы жұмыстарды жүргізіп, Мемлекет басшысы, облыс әкімі қойған межелерге жету мақсатында сіздермен бірлесіп жұмыстануға дайынбыз. Осы көрме екі елдің арасында ынтымақтастықты, сауда-саттықты дамытуға үлкен мүмкіндік береді, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Бүгінде жоба аясында Ақтауда 40-тан астам жұмыс орны құрылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2024 жылдың I тоқсанында жұмыс орнын 200-ге дейін жеткізу жоспарланса, 2025 жылдың аяғына дейін 600-ге көбейту көзделген. Жұмыс орындарынан басқа жобаға онға жуық шағын және орта бизнес орталықтары, қонақ үйлер, мейрамханалар, кедендік брокерлер, логистика, көлік, құрылыс, маркетинг өкілдері қатысады.