Ақтауда алғаш рет қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен ерекше балаларға арналған «Балалар болсын бақытты!» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спорттық фестивальге 8 жастан 20 жасқа дейінгі ерекше балалардан 44 спортшы қатысты. Олар бочча, голбол, стол теннисі және шағын футболдан бақ сынады. Аталған шараны өткізудегі басты мақсат - салауатты өмір салтын насихаттап, ерекше балаларға естен кетпес әсер сыйлау.
- Бұл фестивальді өткізу 2 ай бұрын жоспарланған. Шара облыстық ерекше балалардың ата-аналар одағы мен ерекше балалар спорт клубының қолдауымен өтіп жатыр. Бүгінгі жарысқа Ақтау қаласынан ғана емес, өңірдегі аудандардан да ерекше балалар қатысуда, - деді Ақтау қалалық футбол федерациясының төрағасы Еркебұлан Сейтбаттал.
Фестиваль соңында барлық қатысушы арнайы дипломдармен, эксклюзивті сыйлықтармен марапатталды.