Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ұйымдасқан топтың басшысы С. мен оның қатысушылары Д., М., және Б.-ға қатысты прокурордың апелляциялық өтінішхаты және сотталғандар мен олардың қорғаушылары-адвокаттарының апелляциялық шағымдары негізінде Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Бірінші сатыдағы сот С.-ны ұйымдасқан топты (бұдан әрі ҰТ) құрып, оған басшылық етіп, қылмыстық топпен бірнеше рет жасаған, қорқытып алушылық үшін (ҚК-тің 262-бабы 1-бөлігімен, 194-бабы 4-бөлігі 1)-тармағымен) кінәлі деп танып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындаған.
Д.-ны ҰТ-ға қатысу, қылмыстық топ бірнеше рет жасаған қорқытып алушылық, ұйымдасқан топпен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен билік өкіліне қатысты оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану үшін (ҚК-нің 262-бабы 2-бөлігімен, 194-бабы 4-бөлігінің 1)-тармағымен, 107-бабы 2-бөлігінің 4)-тармағымен, 380-бабы 4-бөлігінің 3)-тармағымен, 58-бабы негізінде) кінәлі деп танып, оған түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалған.
М.-ны ҰТ-ға қатысу, қылмыстық топ бірнеше рет жасаған қорқытып алушылық үшін (ҚК-тің 262-бабы 2-бөлігімен, 194-бабының 4-бөлігінің 1)-тармағымен, 58-бабымен) кінәлі деп танып, оған түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Б.-ны алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен билік өкіліне қатысты оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану үшін (380-бабы 4-бөлігінің 3)-тармағымен) кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған», деп жазылған хабарламада.
Прокурор ҚК-тің 380-бабы 4-бөлігі 3)-тармағымен Д. мен Б.-ға үкімнің күшін жойып, Д. мен Б.-ны ҚК-тің 380-бабы 6-бөлігінің 4)-тармағында көзделген қылмысты жасағандары үшін кінәлі деп танып, Д.-ға 12 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды, ал Б.-ға 11 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындап, жаңа айыптау үкімін қабылдауды сұрады.
Сотталғандар мен олардың қорғаушылары сот үкімінің күшін жоюды, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты оларды ақтауды сұрады.
Апелляциялық сот алқасы 2023 жылдың 17 қыркүйегінде сағат 14.30 шамасында Д. және Б. Бейнеу ауданы бойынша "Тәжен" кеден бекетінің кезекші ауысымында, өз қызметтік міндетін атқарып тұрған ҰҚК Шекара қызметінің офицері Н.-ды шекара қақпасында күш қолдану арқылы еркінен тыс итеріп, ҚР-ның Мемлекеттік шекарасының режимдік объектісінің аумағына заңсыз кіріп, Д. және Б. өздерімен алып жүрген пышақтарды қолдана отырып, жәбірленуші Н.-нің құлағы мен оң иық тұсынан дене жарақатын келтіргені анықталды.
«Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы өтінішхат пен шағымдардың уәждерін тексеріп, бірінші сатыдағы соттың Д. және Б.-ға қатысты үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды.
Д. ҚК-тің 380-бабы 6-бөлігінің 4)-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
ҚК-тің 58-бабының негізінде қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Б. ҚК-нің 380-бабы 6-бөлігінің 4)- тармағымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сотталғандар С.-мен М.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды», деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.