Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен үшжақты комиссияның отырысында өндірістік жарақаттану мәселелері мен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың санын азайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Алигер Іңкаровтың мәліметінше, 2023 жылдың алты айында өңірде 15 жазатайым оқиға орын алып, нәтижесінде 19 қызметкер зардап шеккенін айтты. Оның ішінде 13 қызметкер ауыр жарақат алып, алты адам қаза тапқан. 2022 жылдың осындай кезеңінде кәсіпорындарда 19 жазатайым оқиға орын алған, соның салдарынан 25 адам зардап шегіп, біреуі қаза тапқан.
Кеңесте «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Бұрғылау» ЖШС бас директорлары кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Көркінбаева 2022-2023 жылдардың алғашқы алты айындағы өндірістік объектілерді тексеру нәтижелері туралы айтып берді. Оның айтуынша, өңірдегі барлық аудандармен, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 60 жоспарлы тексеріс жүргізілген.
2023 жылдың алты айында ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша алты өндірістік нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған бұзушылықтардың нәтижесінде жалпы сомасы 19 320 000 теңгеге айыппұл салынды.
Алигер Инкаров тексеру барысында 164 бұзушылық анықталғанын атап өтті. Оларды жою үшін 24 нұсқама берілген, 11 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сондай-ақ 13 ескерту жазылған.
Бұзушылықтардың негізгі себептері өндірістік бақылаудың жеткіліксіздігі және желдету жүйелерінің болмауы, жұмыс орындарында микроклиматтың сақталмауы және өндірістегі жұмыс жағдайлары үшін санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалмауы болып табылады.
Жиында Нұрлан Ноғаев жұмыс орындарындағы апаттардың алдын алу және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту қажеттігін атап өтті.
-Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсеткендей, «азамат – бизнес – мемлекет» әрдайым бірлескен қарым-қатынаста болуы тиіс, онда мемлекет кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды қолдап қана қоймай, басты құндылық адамдардың өмірі қауіпсіздікте болу үшін, барлық жағдай жасалуы керек деген болатын. Азаматтардың еңбектік құқығын қорғау әрқашан өзекті тақырып болып қала береді, өйткені қызметкердің денсаулығы мен әл-ауқаты әрдайым алдыңғы орында. Кәсіпорындарда еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасын қамтамасыз ету, жауапкершілігі жұмыс берушіге жүктеледі. Қызметкерлер де жұмыс барысында, қауіпсіздік ережелері мен нормаларын сақтауы тиіс, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.