Ақтаудағы 22 мектепте оқитын оқушылардың ата-аналары бірнеше жылдан бері мектеп маңының қараңғы екенін айтып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ата-аналар әсіресе қыс мезгілінде балаларды мектепке тасу қиын болатынын айтып отыр.
«Бірде-бір шамнан жарық түспейді. Кіші балам бірінші ауысымда оқиды, оны күн сайын өзім апарамын. Тіпті өзім де қараңғы жермен жүруге қорқамын. Ал үлкен баламды кешке мектептен алып кетемін. Қанша жылдан бері біз жарықтың жоқтығына шағымданып келеміз, бірақ мәселе шешілер емес», - деп шағымданады аналардың бірі.
Ата-аналар жаңа оқу жылында тағы да мектеп маңы жарықтандырылмай қала ма деп қорқып отыр.
Ал Ақтау қалалық білім бөлімінде 22 шағын аудандағы С.Кондыбай атындағы №22 мектептің жарықтандыруына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Үнемделген қаражат есебінен тамыз айының басында мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізіледі. Жаңа оқу жылында жарықтандыру жөнделеді»,- деп хабарлады білім бөлімі.
Шенеуніктер 1 қыркүйекке дейін мектептің жан-жағы жарық болатынына уәде берді.