Бұл үрмелі матраспен ашық теңізге кеткен үш қызды құтқару жұмыстарымен байланысты болып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық төтенше жағдайлар департаментіе сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, қыздардың (екеуі 17 жаста және біреуі 19 жаста) теңізге үрлемелі матраспен кеткені туралы ақпарат 24 шілде күні түскі уақытта келіп түсті. Мұның себебі – желдің күшеюі болған. Хабарлама түскеннен кейін бір сағаттан соң ТЖД-ның екі бірлік сүңгуір техникалары теңізге іздеу жұмыстарына шықты. Сонымен қатар, құтқару жұмыстарына шекара қызметінің кемесі тартылып, жүзу құралдары бар барлық ұйымдар мен Ресей Федерациясының құтқару қызметтеріне де хабарланды. Сол күні кешке МИ-8 тікұшағы аспанға көтерілген. Алайда құтқару жұмыстары сағат 20:00-ден бастап күн шыққанға дейін тоқтатылды. Таңғы сағат 6-да "Қазақтеңізкөлікфлоты" АҚ «Сұңқар» кемесінің экипажы жағадан 22 шақырым жердегі қыздарды құтқарды.
Бұл оқиға жайында көптеген қауесеттер мен бұрыс ақпараттар тарауда. Әлеуметтік желідегі пікір қалдырушылар бір нұсқаның артын екінші жалған ақпаратқа ұластырды. Мысалы, қыздарды тапқан әзірбайжандық балықшылар және құтқарушылар қыздардың туыстарына көмектесуден бас тартты деп жазылған ақпараттар – шындыққа жанаспайды.
"Шағын көлемді кемелерді тәуліктің қараңғы уақытында пайдалану қағидаларына сәйкес, бағдарлардың және көру қабілетінің төмендеуі себебінен құтқарушылардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Осы себептен күн батқаннан кейін теңізде және әуеде іздеу жұмыстары жүргізілмейді. Бұл туралы біз жоғалған қыздардың туыстарына хабарладық және іздеу жұмыстары күн шыққанда қайта басталатынын түсіндірдік. Сонымен қатар, түсініктемелерде құтқарушылардың қайықтары мен қажетті жабдықтары жоқ деп жазылған. Бұл – шындыққа жанаспайды. Жыл сайын ТЖД құтқару бөлімшелерінің арқасында бірнеше адам құтқарылып келеді. Тек бүгінгі күнге дейін теңізде 33 адам құтқарылды. Егер ешқандай жабдық болмаса оларды қалай құтқарар едік?"- деді Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Ратбек Демеуберген.
Сондай-ақ, ТЖД қыздардың ата-аналары қайықтарды да, тікұшақтарды да жалдамағанын айтты. Барлық құтқару жұмыстары бюджет есебінен жүргізілді. Айта кетейік, тікұшақтың үш сағаттық жұмысы 6 миллион теңгеге жуық.
"Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы заңнама шеңберінде жеке тұлғалардың жауапкершілігін қарау жоспарлануда. Сонымен қатар, егер біз желдің күшеюі және оқиғадан бір күн бұрын жіберілген жабдықталмаған жерлерде шомылуға жол бермеу туралы ақпаратты ескерсек, бұл оқиғаны болдырмауға да болар еді. Сонымен қатар, су айдынындағы демалыста қауіпсіздік ережелеріне жауапсыз қарау салдарынан департамент құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының барынша көп санын жұмылдырды. Осы уақытта басқа адамдарға көмек қажет болуы мүмкін еді. Біз су айдындарындағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға және 112 ескертулерін назардан тыс қалдырмауға шақырамыз", - деп қосты Ратбек Демеуберген.
Сонымен қатар, құтқарушылар қыздардың туыстарымен түсініспеушіліктің не себепті болғанын айтты. Құтқарылғандардың туыстары әлеуметтік желіге жарияланған қыздардың фотосуреттері мен бейнелерін жоюды талап еткен. Алайда, қыздар өздері жағаға жеткеннен кейін, яғни құтқарушылардан бұрын әлеуметтік желілерге сурет жүктеп үлгерген.
"Қыздар үшін көп адам алаңдады. Біз алдымен іздеу жұмыстары басталғанын хабарладық, содан кейін нәтижелер туралы, яғни қыздар құтқарылғанын айттық. Біз ашықтық пен қолжетімділікті жақтаймыз. Заң бойынша біздің фото және видео түсіруге құқығымыз бар", - деп түйіндеді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.