Ақтауда Mangystau Hub өңірлік технопаркі іске қосылды. Бүгінде бұл – Astana Hub басқаруындағы 13-ші өңірлік хаб, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР ЦДИАӨМ, Маңғыстау облысы әкімдігі және Sergek Group қолдауымен Astana Hub халықаралық технопаркі құрған Mangystau Hub-тың негізгі міндеті – жергілікті IT-қауымдастықты дамытып, IT-таланттардың тұрақты ағынын қалыптастыру. Мұнда IT-мамандардың біліктілік деңгейін арттыруға және инновациялық жобалардың дамуын ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шаралар, тренингтер мен конференциялар өткізіледі. Ашылу аясында 8 технологиялық жоба ұсынылды: AMS SYSTEM, qMeta, Mediana Services Limited, Smart EDUS, AGSA, Libsystem.kz, Rebels, Gylym.ai және ЭкоАвтомат.
«Өңірлік хабтар аймақтарда IT-саланың дамуына жол ашады. Бұл орталықтар жергілікті стартаптар, кәсіпкерлер мен мамандар үшін білім беру бағдарламаларына, нетворкингке, инвестицияларға және технологиялық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін катализатор іспеттес. Аймақтарда Digital Nomads және Google Developers Group-пен серіктестікте воркшоптар, олимпиадалар, хакатондар, офлайн және онлайн кездесулер жиі өткізіледі. Бүгінде өңірлік хабтарда 7 мыңнан астам адамның қатысуымен 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды, 70-тен астам компания Astana Hub қатысушысы болды. Біз Mangystau Hub өңірдегі IT-индустрияны дамытудың негізгі алаңына айналатынына сенімдіміз», – деді Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова.
Бүгінде ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен елдің 12 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр. 2024 жылы Mangystau Hub-тан басқа Атырау, Шымкент, Қонаев, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.
-2024 жылы Astana Hub өңірлік IT-хабтарды astanahub.com платформасындағы қолжетімді цифрлық инфрақұрылымдар арқылы қарқынды дамытуды қолға алды. 2023 жылы өңірлік хабтарда АКТ саласында 784 іс-шара ұйымдастырылып, оған 25 мыңға жуық адам қатысып, 194 стартап-идея ұсынылды. Сонымен қатар өңірлерде АКТ бойынша 7 форум өткізілді. Бұл 70 компанияның Astana Hub-қа қосылуына және өңірлерде IT-саланы дамытуды ынталандыруға септігін тигізді, - деді Astana Hub баспасөз қызметі.
Ақтаудағы «Mangystau ІТ Hub» Маңғыстау жастар ресурстық орталығының жанында орналасқан.
Мекен-жайы: 6 шағынаудан, 18 ғимарат, 1 этаж