Маңғыстау облысында «Ерекше балалардың ата-аналар одағы»республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңа жылдық сиқыр» атты қайырымдылық акциясы өтті. Аталған іс-шара «Ұлы Дала -1000 игі іс» қайырымдылық жобасы аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО-ға сілтеме жасап.
«Ерекше балалардың ата-аналар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Қарлығаш Әлмұхамбетованың айтуынша, қоғамда ерекше балалардың ата-аналарына және балаларға қолдау көрсету – өте маңызды.
«Бүгін біз осындай тамаша мерекеге жылды қорытындылау мақсатында жиналдық. Акция аясында балалар мен ата-аналар алдын ала сауалнама толтырды. Сауалнама нәтижесін бойынша қатысушылар өздері қалаған сыйлықты алады. Демеушілерге алғысым шексіз. Сондай-ақ қала тұрғындарының да әрдайым көмек қолын созуға дайын екенін айтқым келеді. Біз инклюзивті қоғам құру үшін де осындай іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл балаларды мен әрқашан шексіз мүмкіндіктерге ие балалар деп атаймын. Өйткені олар өте талантты, спорттық жиындарға да қатысады. Кей балаларымыз бочча командасының құрамында. Шығармашылық жағынан да балалар өте талантты, ән айтады, билейді. Бүгін балалардың қуанышында шек жоқ. Мұндай іс-шаралар бәрімізге шабыт сыйлайды, күш-қуат береді»,- дейді Қарлығаш Әлмұхамбетова.
Мерекелік кездесуге қатысушы Ырысгүл Қожабекова – ерекше баланың анасы. Ұлы 9 жаста, оған балалар церебралдық параличінің орта дәрежесі диагнозы қойылған. Анасы балада бір жылдан бері оң өзгерістер байқалып, ұйымдастырылған кештерге аса қызығушылықпен қатысатынын айтады.
«Бүгінгі шырша керемет өтті. Балама қатты ұнады. Ерекше әсер алды. Келе жатқан жыл құтты болсын. Балапандарымыз сауығып кетсін. Бүгінде балам – спортшы. Бочча спортынан екі дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Тағы да баршаңызды жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Ұйымдастырушыларға рахмет»,- деді Ырысгүл Қожабекова.
Айта кетейік, жиын соңында жаңа жылдық шыршаға қолдау көрсеткен демеушілерге алғыс хатқа табысталды.