Маңғыстауда 2021 жылы 1 қаңтардан бері кіріс декларациясын 24 мың мемлекеттік қызметші тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Мадина Жақанқызының айтуынша, екінші кезеңде, яғни 2023 жылы аталған құжатты мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары – 13 мың адам тапсырды. Ал үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Бұл жолы шамамен 74 мың жеке тұлға тапсыруы керек деп жоспарланып отыр.
- Үшінші кезеңге нақты жоспар қойылып, тиісті талаптарды орындау қатаң бақыланады. Сондай-ақ, төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынады, - деді Мадина Жақанқызы.
Сонымен қатар, басқосуда декларацияларды ұсынбағандардың әкімшілік жауапкершілігі жөнінде ақпарат берілді.
- Азаматтарға декларацияны бірінші мәрте ұсынбағаны үшін ескерту беріледі. Ал бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ, декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту жүреді. Бұл талапты бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) қарастырылған.
Ең бастысы салық салу объектілерін жасырғаны үшін бір жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200% мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзғаны үшін - 300% мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275-бабы) қарастырылған,- деді Өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерді әкімшілендіру басқармасының Жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің бас маманы Райхан Джармаева.