Маңғыстауда «Шам» дамушы ортасы «Ауылға кітап» жобасын жалғастырып жатыр. Осы уақытқа дейін бір топ оқырман Мұнайлы мен Ақкетіктегі мектептің біріне кітап табыстаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Шам» дамушы ортасының ұйымдастырушысы Батыржан Камалдың айтуынша, өңірде «Ауылға кітап» жобасы былтыр қарашада басталған. Жақында Мұнайлы ауданындағы Ф. Оңғарсынова атындағы мәдениет сарайындағы кітапханаға табыстадық. Кеше Ақкетіктегі Е. Өмірбаев атындағы мектепке 50 кітап берілді.
«Әр ауылдағы мектепке классика, рухани, тұлғалық даму бағытындағы 50 шақты кітап береміз. Барлығы заманауи, мұқабасы әдемі, жаңа кітап. Оқырмандар да қуана қарсы алып, алғысын жеткізіп жатыр. Жалпы жоба «Кітап ал» компаниясының бастамасымен іске асып жатыр. Негізгі мақсатымыз – ауылдағы шағын мектептерге кітап үйлестіру, оқушылар мен жастар арасында кітап оқу дәстүрін қалыптастырып, қызығушылығын арттыру», - дейді ұйымдастырушы Батыржан Камал.
Енді ертең, 22 мамырда Басқұдықтағы №9 мектепке барып, жиналған кітапты табыстауды жоспарлап отыр. Жалпы Қазақстан бойынша 300 ауылға кітап жеткізілген.