"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда Үстірт арқарларының төлдеу маусымы аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дала жануарларының төлдеу мезгілінде көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылып, бақылауда болған. Бұл туралы парк директоры Мыңберген Қаратауов мәлімдеді.
«Фототұзақтар орнатылып, қай мезгілден бастап төл көрінгендігі, төлін ертіп суға қашан әкелетіндігі, қандай үйірде қанша төл, қаншасы егіз барлығы нәтижелі зерттелді. Үстірт арқары - қуыс мүйізділер тұқымдасына жатытын муфлон. Дене тұрқы 140-160 см, 40-70 кг-ға дейін жетеді. Қазан-желтоқсан айында күйекке түсіп, наурыз- мамыр айлары аралығында төлдейді. Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Осындай өңірімізге біткен баға жетпес байлығымызды барша қоғам болып қорғап, келер ұрпаққа сақтап, ат салысайық», - деді М.Қаратауов