Маңғыстау өңірінде 3 лагерь жұмыс істеп тұр. Қала сыртында орналасқан «Балдәурен», «Фламинго»,«Ақбөбек» лагерьлері қоғамның осал тобындағы 4 800 баланы қамтиды. Бұл туралы брифингте МО білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру 2 бағытта жүргізіледі. Жазғы сауықтыруға 7-13 жас аралығындағы 146 328 оқушы тартылады. Ал еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік іс-шаралармен қамту жұмыстарымен 7-18 жас аралығындағы 159 090 оқушы қамтылады. Кәсіподақ ұйымы тарапынан 1 580 бала, демеуші есебінен 1 500 бала демалады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында 5-8 сынып аралығындағы 1 200 дарынды ауыл баласы жаз мезгілінде теңіз жағасындағы «Фламинго» жекеменшік лагерінде демалатын болады.
- Мемлекеттік «Балдәурен» лагерінде 7 ауысыммен 900 балаға арналған жазғы демалыс ұйымдастырылады, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасының 300 баласы бар. 7 күндік «Жас сарбаз» патриоттық лагерінде демалыспен 8-10 сынып аралығында оқитын 300 оқушы және кәсіподақ ұйымының қолдауымен 300 оқушы қамтылады. «Фламинго», «Ақбөбек» жекеменшік жазғы сауықтыру орындарында 6 ауысыммен 3 900 оқушы демалады. Жазғы сауықтыру бойынша сұрақтар туындаса, ата-аналар өз балалары тіркелген мектептен біле алады, - деді Айжақсы Тұржанова.
Сонымен қатар, кәсіптік, шатырлы, ағаш үй, спорттық, тілдік, шығармашылық бағытта танымдық жазғы іс-шаралар ұйымдастырылады, оған 10 758 бала тартылады.
Ал 86 мектептің жанынан тамақтандырумен 17 180 балаға жазғы сауықтыру іс-шарасы ұйымдастырылады және 145 мектепте түрлі профильдік іс-шаралар өткізіліп, 108 190 оқушы қамтылады.
Облыстық балалар ауылының 28 тәрбиеленушісі облыстан тыс өңірде демалатын болады. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтіп жатыр, қорытындысы мамыр айының аяғына дейін белгілі болады.
Облыстан тыс жазғы сауықтыру орындарында 517 бала Щучинск қаласындағы «Балдәурен» лагерінде 192 бала, Қонаев қаласында «Бөбек» лагерінде 210 бала, Алматы облысында «Бөбек» лагерінде 70 бала және Тараз қаласында 45 бала демалады.