Бүгінгі таңда облыс аумағында халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне барлығы 5 326 газ талдағыш орнатылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, тұрғын үйлерде табиғи және көміртегі тотығымен уланудың алдын алудың бір әдісі - қазандық құрылғыларынан газдың ағып кетуін анықтайтын газ (талдағыш)анализаторларын орнату. Сондықтан бұл жұмыстарды төтенше жағдай департаменті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2019 жылдан бері жүргізіп келеді (2019 жылы – 660 датчик, 2020 жылы – 1 749 датчик, ағымдағы 2021 кезеңге – 2 917 датчик қойылған).
-Тұрғындар газды пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау бойынша аса мән беру қажет. Сонымен қатар, арнайы құрылғыларды техникалық қызмет көрсету мекемелерінен газды пайдалану жөнінде
шарттары болуы керек. Тұрғындарды салғырттық танытпай, әрқашан үйіндегі газ жабдықтарын тексеріп отыруға шақырамыз. «Қазтрансгазаймақ» мекемесі де рейд жүргізіп тұрады, - деді Нұрлан Орынбасаров.
Газ талдағыш халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйінен басқа, өрттің туындауына барынша бейім тұрғын үйлерге де орнатылады.
Сондай-ақ, брифинг барысында Маңғыстау облыстық ТЖД бастығы Мұрат Мұханов өрттен уланудың алдын алу және үгіт-түсіндіру жұмыстары бойынша ақпарат берді.
-Облыс аумағында биыл жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 12 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттің салдарынан қаза тапқандар және жарақат алғандар тіркелген жоқ. Тұрғын үй секторында өрттің негізгі себептері - газбен жабдықтау жүйесін пайдалану талаптарының бұзылуы. Жыл сайын барлық өрттің шамамен 50%-ы тұрғын үй секторында тіркеледі. Департаментпен тұрғын-үй секторында профилактикалық жұмыс жүргізудің басты мақсаты - халықтың әлеуметтік осал топтарының (қарттар, мүгедектер), көп балалы отбасылардың тұрғын үйлерінде өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізу жөніндегі шаралар кешенін іске асыра отырып, барлық мүдделі қызметтер мен үкіметтік емес секторды тарта отырып, жүйелі тәсіл пайдалану, - деді Мұрат Мұханов.
Нәтижесінде, 2 447 үй есепке алынып, 8 234 азаматқа нұсқама (жадынама) берілген.
Жалпы, жыл басынан бері улы газбен улану фактілері бар. 2 адам қайтыс болып, 7 адам зардап шеккен. «Қазтрансгазаймақ» АҚ Маңғыстау облыстық өндірістік филиалының директоры Еркін Жұмағалиевтің айтуынша, екі жағдайда да қауіпсіздік сақталмаған.
-Тексеру барысында газ мамандарымен келісім жасамай, өз беттерімен қолдан жасалған газ құрылғыларды орнатқан. Салдарынан дұрыс орынға қоймаған немесе қателік жіберген. Яғни газ қондырарда сертификатталған құжаттары болуы керек. Міндетті түрде біздің мекемені ескерте отырып, кәсіби мамандармен орнатылу керек, - деді Еркін Жұмағалиев.