Қазір Маңғыстау өңірінде отбасы құныдылықтарын насихаттау, әке мен ана рөлін, институтын дамыту қолға алынуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Өткен аптада «Саламатты ел» қоғамдық қоры «Отбасылық құндылықтарды насихаттау» тақырыбындағы әлеуметтік жобаны іске асыруды бастады.
Маңғыстау ауданында «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» атты үшкүндік шеберлік курсы өтті.
Шеберлік курсының мақсаты - ана институтын нығайту және отбасылық тәрбиеде ананың рөлін арттыру, ата-ананың жағымды бейнесін дәріптеуге бағытталған дәстүрлі отбасы құндылығын насихаттау. Курсты жүргізген тренерлер - Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, алтын алқа иесі, «Асыл қазына» киіз үй жабдықтарын жасаушы кәсіпкер Күміс Қосбай, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, күміс алқа иесі Болар Досанова, 13 жылдан бері наубайханада қызмет етіп келе жатқан білікті наубайшы және көп балалы ана Дина Сағындықова. Шараның бірінші күнінде Күміс Қосбай Маңғыстау аудандық Жастар орталығының келушілеріне және жас аналарға бұйымдарды жиектеу, ұршық иіру, алаша, бау тоқу сынды ұмыт қалған көне дәстүрлерді жаңғыртып, мағыналы жұмыстар ұйымдастырды. Шеберлік курсы барысында Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы, Маңғыстау ауданы мәдениет үйі жанынан құрылған халықтық "Ақтілеу" әжелер ансамблі, жас жыршылар мен күйшілер әдемі әндері, күй-жырларымен шараны сүйемелдеді.
Шараның екінші күнінде Болар Досанова жас аналарды қазақи бренд сөмкелер, әшекей бұйымдар, жүмсақ ойыншықтар сияқты көркем өнер түрлерімен таныстырып, жұмыс жасауды көрсетті.
Тренингтің соңғы Дина Сағындықова қатысушыларға нан өнімдері түрлерінің құрамын таныстырды. Қатысушылар ай нан, жүрекше нан, батон, тоқаштың көптген түрлерімен танысып, пісіру әдістерін үйренді.
-Шараға қатысқан аналар алдағы уақытта барлық ауыл, аудандарда осындай шеберлік курстары болса, қазіргі қоғам үшін пайдалы болатынын атап өтті. Осындай курстардан өткен ананың да балаға үйретері көп болмақ. Қол өнер, түрлі аспаздық өнер дегеніміз ол – шығармашылық жұмыс. Адам бұл жұмыстардан шабыттанады, уақытты тиімді пайдаланады. Мұндай семинарларды басқа аудандар мен қалаларда да ұйымдастыру жоспарымызда бар. Себебі, өңірде мүмкіндігі шектеулі немесе көп балалы бола тұра өз кәсібін ашып отырған жалғызбасты аналар жетерлік. Оларды өзгелерге үлгі етіп, әрі қолдау қажет, - дейді «Саламатты ел» қоғамдық қорының басшысы Гүлзира Есетова.
Жоба Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қорының гранттық қолдауымен іске асырылуда.