Маңғыстауда облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен 18 маусым- әкелер күніне орай форум өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Форумның басты мақсаты - қоғам мен отбасының өзара байланысын нығайтуға бағытталып отыр. Сондай-ақ, отбасы құндылықтарын насихаттау, сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлі мен оның маңызын, беделін айқындау көзделген.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, өңірлік Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов, Маңғыстау қажылар қауымдастығының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы мен аймаққа белгілі қоғам белсенділері қатысып, мың мектепке татитын əке тəрбиесі, оның бойындағы ірілік пен кісілік қасиеттер жөнінде ой қозғады.
- Биылдан бастап Үкімет Қаулысына сәйкес, маусымның үшінші жексенбісінде әкелер күні атап өтетін болды. Мұның бәрі әкенің отбасындағы рөлін арттыру, оның маңыздылығын көрсету үшін қолға алынды. Бала тәрбиесінде ананың да, әкенің де үлесі аса маңызды. Мұндай мерекелер әкелердің жас ұрпақ алдындағы абыройын өсіріп, жауапкершілігінің артуына септесетініне сенімдімін, - деді Ұлықбек Тналиев.
Сондай-ақ, жиында өңірлік Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов бүгінгі форум қоғам үшін маңызды тақырыптардың бірі екендігін айрықша атады.
- Бала тәрбиесінде әкелердің уақыты мен тәрбиесі жетпей жатқандығын қоғамдағы аналарымыздың үнінен байқап жатырмыз. Бұл форумның мақсаты да, сол әкелерге ой салып, дәстүрлі дінімізбен сабақтастыра отырып, тәрбие негізіне тоқталу. Сондай-ақ, ердің отбасындағы міндеттерінің бастысы – әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Әйелімен күлімдеп, жылы шыраймен сөйлесіп жүретін жанұяда бала-шаға да мейірімге толы болып өседі. Әкенің мерейі үстем болып, баланың әкеге деген құрметі артады, - деді Әнуар Елжанов.