Ақтауда Дүниежүзілік кардиология күні аясында ашық есік күні өтті. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиологтары тұрғындарға тегін консультация беріп, холестерин деңгейін анықтап, ЭКГ арқылы диагностикалық зерттеу жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МОКА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
МОКА консультативтік-диагностикалық емханасының меңгерушісі Жанар Байманованың айтуынша, шараның басты мақсаты – тұрғындардың денсаулығын жақсарту және сапалы медициналық қызмет көрсету.
– Халық тек ауруы асқынған кезде емес, профилактикалық тұрғыдан келіп, тексеруден өтуі біз үшін өте маңызды. Бүгін мүмкіндігінше тұрғындардың анализін тексеріп, тегін кеңес бергіміз келді. Кейбір тұрғындардың дертін анықтауға, кейбіреуін денсаулығын ойлауға және күтім жасауға шақырдық, – дейді МОКА консультативтік-диагностикалық емханасының меңгерушісі Жанар Байманова.
Медициналық тексерулерден соң дер кезінде емделуі қажет аурулар анықталды. Ашық есік күніне барлығы 31 науқас қатысты.
– Оның үшеуі медициналық тексерудің қорытындысы бойынша жедел жәрдем бөліміне жіберілді. Науқастардың басым бөлігінде жүрек-қан тамыр жүйесі проблемалары болды, ал көбінде қан айналымы жүйесі аурулары анықталды. Анықталған күрделі патологияларға байланысты жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін республикалық орталықтарға жіберу ұсынылды. Сондай-ақ қабылдауға жүрек ырғағы бұзылған, бұрын хирургиялық емдеуден өтіп, қазір түзетуді қажет ететін науқастар келді. Өз кезегінде науқастарға ұсыныстар бердік, – дейді МОКА директорының орынбасары, Маңғыстау облысының штаттан тыс кардиологы Аргүл Разбекова.
Шараға келген тұрғындар қабылдаған кардиолог-дәрігерлерге ризашылығын жеткізді.
– Жүрек ауруы бойынша қорқынышты белгілер болғандықтан дәрігерден кеңес алуға келдім. Қабылдауда қатты уайымдадым, бірақ дәрігер мені жұбатып, ұсыныстар беріп, астанаға емделуге жіберді. Бір айдан кейін қайта келіп, емнің нәтижесін қарау қажеттігін айтты. Өте сауатты маман. Көңіл-күйім жақсарып, өмір сүруге, денсаулығыма қамқорлық жасауға деген ынта оянды. Бізге, емделушілерге деген қамқорлықты сезіндіре білдіңіздер. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Иван Румянцев.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында барлығы 100 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларымен есепте тұр.