Американдық Humon reproduction журналында жария етілген іргелі зерттеу еңбегі мына деректі келтіреді: әлемде дүниеге келген әрбір 42-ші нәресте - егіз. Соңғы 30 жылда егіздердің дүниеге келу көрсеткіші үштен бір есеге артқан, бұл жыл сайын әлем елдерінде 1.6 миллионға жуық егіз дүние есігін ашады деген сөз, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сөз басында назар аударар басты жайт - көпұрықты жүктіліктің жиілеуіне мына факторлар тікелей ықпал етеді екен: әйелдің жасы, тұқым қуалаушылық, нәсілі, жүктілікке дейінгі кезеңде гормоналды контрацепция мен көмекші репродуктивті технологиялар, овуляцияны ынталандыру мен экстракорпоральды ұрықтандыру тәсіліне жүгіну.
Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының мамандарының айтуынша, еліміздегі әрбір алтыншы жұп бедеулікпен ауырады. 45% жағдайда бұл науқастар диагнозды жеңіп, жасанды ұрықтандыру технологияларының көмегімен ғана сәби сүйе алады. Ғалымдар көп ұрықты жүктілік ықтималдылығы жасанды яғни экстракорпоральды ұрықтандыру тәсіліне жүгінген жағдайларда артатындығын айтады. Себебі эко процедурасының сәтті жүзеге асуына оң ықпал ету үшін жатыр қуысына бірнеше эмбрион орналастырылады. Бұл көпұрықты жүктілік көрсеткішінің өсіміне сеп болады.
Бүгінде әйелдер арасында бедеулік ауруының белең алуына орай оны емдеу барысында түрлі көмекші репродуктивті технологиялар мүмкіндіктері қолданылады. Мәселен, овуляцияны гормоналды ынталандыру нәтижесінде көпұрықты жүктілік жағдайлары да жиілейді. Дәрігерлер көп бала тапқан әйелдердің егіздеп бала табу қабілеті артатындығын айтады. Көбіне 35 пен 39 жас аралығындағы әйелдер бойындағы гормондар да өзгеріске түседі екен.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы облыс аумағында 147 егіз, 2 үшем, 1 төртем туылған. Ал 2021 жылы 169 егіз , 3 үшем дүниеге келді. Екі жылдың ішінде Маңғыстауда дүниеге келген егіздер саны 30-ға артып, былтыр 177 егіз , 2 үшем жарық дүние есігін ашқан. Ал биылғы жыл басында Маңғыстауда алғашқы үшем дүниеге келген еді. Мұнайлы ауданының 24 жастағы тұрғыны Гүлдана Сахи Ясмина, Алина, Адина есімді 3 нәрестені өмірге әкелді. Көптен күткен нәрестелер «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы дүниеге келген еді.
Тәжірибелі маман, "Ясин" медициналық орталығының гинеколог-дәрігері Қарлығаш Қадырғалиқызы көпұрықты жүктіліктің әйел адамның ағзасына түсіретін жүктемені арттыратын биологиялық үдеріс екендігін айтады. Бірнеше ұрық клеткасынан дамыған жүктілік кезінде әйелдің жүрек, қан тамыр жүйесінің қызметі өзгеріске ұшырайды, аяқ ісініп, варикоз ауруы күшейеді, кіші дәретке баруы жиілеп, мезгілінен бұрын босанып қалуы мүмкін. Егізді ультрадыбыспен зерттеу арқылы жүктіліктің алты аптасынан анықтауға болады. Егіз балалы әйелдер ерекше есепке алынады. Сол себепті егіздерге жүкті әйелдің жай-күйі мен хәл-ахуалы жіті қадағалауда болуы тиіс. Аяғы ауыр ана іштегі шарананың денсаулығына теріс әсер ететін зиянды әдеттер мен оқыс қимылдардан аулақ болуы керек.
Қызықты жайт: американдық дәрігер Гари Стайман зерттеуіне сүйенсек, сүт өнімдерінен толық бас тартатын әйелдерде егіздердің туылу ықтималдығы өте төмен екен. Ал сүт өнімдерін көп тұтынатын елдерде әдетте егіздердің дүниеге келу көрсеткіші жоғары. Сондықтан егіз сүйгісі келетін нәзік жандар сүт, ірімшік пен сүзбені сүйіп жеуді әдетке айналдыруы керек.
Голрох Жеменей