Бұған дейін құрылыс мекемелермен заңнама талаптарын бұзған және олар бойынша тиісті шаралар қабылданған. Алайда жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан компаниялар талаптарды әлі бұзып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық прокуратурасына сілтеме жасап.
Биыл прокурорлық қадағалау актілері негізінде 22 құрылыс компаниясы ҚР ӘҚБтК 320-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 16 миллион теңге айыппұл салынды. Компаниялар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 7-бабын сақтамай үлескерлердің қаражатын тартып үйлер салып жатыр. Алайда, олар заңнан аттап, азаматтармен тек алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасақтайды.
Осыған байланысты жаңа ғимаратта пәтерді қауіпсіз таңдау үшін келесі талаптарға назар аудару қажет.
Құрылыс компаниясында жергілікті атқарушы органдардан алынған жерге тиісті құқық беру туралы шешім, инженерлік қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтер көздеріне қосылуға техникалық шарттар, сондай-ақ салымшылардың қаражатын тартуға рұқсаттың болуы тиіс.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органнан сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынып, бас сәулетшімен келісілген нобайлық жоба, жұмыс жобасы сараптамасының оң қорытындысы және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаның болуы маңызды.
Егер бұл құжаттар ұсынылмаған жағдайда, құрылыс объектісі заңсыз, яғни тиісті рұқсат құжаттармен ресімделмеген болып есептеледі.