Ақтауда жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде. 1 тамыз күні басталған іс-шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар қатарындағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының қарсаңында көмек көрсету. Демеушілер тарапынан 376 балаға заттай және қаржылай көмек көрсетілді. Дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында білім беру ұйымдары тарапынан шағын аудандарға рейд жүргізілді.
-«Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша қалалық іс-шаралар жоспарын дайындап бекіттік. Жыл сайын жекелеген санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерді мектепке дайындау үшін қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты және есепке алу қағидаларын регламенттейтін ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына өзгеріс енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсанда №949 қаулысына сәйкес, 3286 балаға 40,567 теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілді, - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.
Сонымен қатар, қалада мектеп жәрмеңкесі өткізілуде. Жәрмеңке 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
-Жаңа оқу жылының қарсаңында тұрғындарға қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары ұсынылып жатыр. Жәрмеңкеде мектепке қажеттінің барлығын таба аласыз,- дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, базар әкімшілігі, сауда орталығының иелері және кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан жәрмеңке қаланың мына сауда нүктелерінде орналасқан:
- Өндірістік аймақ 3, 4 ғимарат, «Waterfront» гипермаркеті (облыстық стоматологиялық орталыққа қарама-қарсы);
- 23 шағын аудан, «РусКаз» базарына кіреберіс
- 31 шағын аудан, «Мағаш» базарының (сары базар) сыртқы сауда орнының бірінші қатары;
-4 шағын аудан, 74 ғимарат, «Shum» сауда орталығы мен 29А шағын аудан, 51 ғимарат, «Akkala Mall» сауда орталығының 1-қабаты.