Ақтауда ерекше балалар «Көңілді старт» атты спорттық эстафетаға қатысты. Жарыс Маңғыстау облысының 50 жылдығына, Ақтау қаласының 60 жылдығына және спорт күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа 16 ерекше баладан құралған «Жалын» және «Болашақ» командалары қатысты. Эстафетада балалар кедергілерден өту, ұзындыққа жарысу сынды сайыс түрлерінен өзара бақ сынасты. Балалардың жеңіске деген ұмтылысына тәнті болған ата-аналар осындай жарыстар жиі ұйымдастырылса екен деген тілек білдірді.
Сонымен қатар, шара барысында республикалық «Жұлдызай» фестивалінің жеңімпазы Қабыл Тезекбаев пен Құралай Асқарова өнер көрсетті. Эстафета соңында қос команда қатысушыларына диплом,медальдар мен арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Өнер көрсеткен ерекше балалар мен еріктілерге алғыс хаттар табыс етілді.
Марапаттау рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, облыстық мүгедектер спорт клубының бас бапкері Нұралы Кулушов және Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев қатысты.
-Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларды спорттық ойындарға бейімдек, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру. Сайыс спорт күніне орай ұйымдастырылды, – деді қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев.