Ақтауда спорт күні мен Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының 50 жылдық мерейтойына орай велошеру өтті. Оған 100-ден астам қала тұрғыны қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Велошеру «Самал» шағынауданынан басталып, Ақбота паркінде аяқталды. Қатысушылар 6 шақырымды еңсеріп шықты. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаевтың айтуынша, велошерудің мақсаты - салауатты өмір салтын қалыптастырып, тұрғындарды спортқа тарту.
- Спорт күні қарсаңында облыс көлемінде 30-ға жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылуда. Солардың қатарында велошеру де бар. Шараға өз еркімен қатысуға ниет білдірген жандар бар күш-жігерін жұмсады. Алдағы уақытта велошеруді жиі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, өңір велоспортшылары - Дмитрий Носков пен Сергей Пономарёв 2024 жылы өтетін олимпиада ойындарына жолдама алуға үміткер. Қыздар арасында Динара Бақтыгерей велотректен ҚР чемпионатында 13-14 жас аралығында қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ Ақтау қаласында 2022 жылы велоспорттан ҚР чемпионаты өткен болатын, - деді Қанат Жұмабаев.
Велошеруге қатысуға өз еркімен ниет білдіргендердің қатарында ақтаулық Шыңғыс Елжанов та бар. 23 жастағы қатысушы «Спорт - денсаулық кепілі» деген ұстанымды ұстанады.
- Велошеруге өзім қызығушылық танытып, арнайы қатыстым. Басты мақсат - денемді шынықтырып, спортты жаныма серік ету, қала тұрғындарын осындай спорттық шараларға ат салысуға шақыру еді. Мақсатым орындалды. Бүгінгі шарада өзге велошерушілердің деңгейі өте жоғары болды. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға велошеру үшін алғыс білдіргім келеді. Алдағы уақытта да қатысуға ниетім бар, - деді Шыңғыс Елжанов.
Қатысушыларға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан арнайы сертификат беріліп, естелік сыйлық табысталды.