Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиевтің қатысуымен «Жас Тұлпар – 2022» облыстық жастар премиясы табысталды. Жастар премиясы өз саласы бойынша жетістікке жетіп, биыл айтарлықтай қызмет етіп, өзге жастарға үлгі көрсеткен жас белсенділерге берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ұ. Тналиев алғы сөз сөйлеп, биыл жастар саясаты саласында біршама жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті.
- Қазіргі таңда сөзбен емес іспен дәлелдейтін заман. Жастар қандай болса, елдің болашағы сондай болмақ. Себебі жастар елді алға сүйреуші локомотив. Қашан да жастардың азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобалары мен бастамаларына өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерге зор үміт артып, бірлесе ауқымды істерді атқарамыз деген сенімдемін! Әрбір бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! – деді Ұлықбек Тналиев.
Салтанатты шара барысында елде волонтерлік қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін «НұрАли» ЖШС басшысы, меценат Аслан Қалақанов және «Көмек-Жаңаөзен» волонтерлік тобының волонтері Нұрлыбай Салтанмұрат Жұмағалиев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Қыдырәлі Дархан Қуандықұлының алғыс хатымен марапатталды. Оған қоса «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі, «JasART» жеке меншік мекемесі, «Риза – Ана» қоғамдық қоры, «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесі, «Бекен» жас көшбасшылар достастығы» қоғамдық қоры, «Ақтау» студенттер Альянсы» коорпаративтік қоры, «Parasat Pro» қоғамдық қоры, Өткір Боранбаев және «Promax» жарнама баспа қызметінің жетекшілері Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар шара соңында жылдың ең үздік жастары анықталды. Атап айтқанда, «Каспий» футзал клубының ойыншысы Райымбек Жұма, облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, баспанаға мұқтаж отбасыларды үймен қамтамасыз еткен «Көмек Жаңаөзен» еріктілер тобы, айтыскер ақын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Нұрсұлтан Оңғарбаев, «AQ DAM» ұлттық тәттілер брендінің және «Irimshik Street» тез тамақтану орталығы желісінің негізін қалаушы – Даниял Төлеуіш, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиолог-дәрігері Абай Қазиев, елде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің жеңімпазы атанған «Көкмойнақ» командасы, «Хабар» телеарнасының тілшісі Әйгерім Ашықбаева, «Маңғыстау-медиа» (7292info.kz) ақпараттық сайтының негізін салушы, графикалық дизайнер Ақерке Алиева, Ақшұқыр мектеп-лицейінінің математика пәні мұғалімі Өсер Ишбатыров, өңіріміздің жас қаламгері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Кенжебек Сержанұлына «Жыл белсендісі» номинациясы бойынша «Жас Тұлпар – 2022» жастар премиясы табысталды.
Айта кетейік, аталған премия жыл сайын дәстүрлі түрде табысталып келеді. Негізгі мақсат - мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғам өміріне белсене араласып, зор үлес қосқан жас азаматтарды анықтау.