Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан киберспорт құрамасы Индонезияның Бали аралында 8-10 желтоқсан күндері өткен «Pubg Mobile-дың» IESF нұсқасы бойынша Әлем чемпионатында бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздардың арасында ақтаулық киберспортшылар да бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әлем чемпионатында 16 құрама команда бақ сынаған. Жалпы 15 ойын болса, қазақстандық құрама команда соның барлығында да жеңіске жеткен. Қорытынды есепте 193 ұпай жинап, топ жарған.
Қазақстан құрама командасының сапында Дамир Омаров, Бақытжан Елменбет, Данияр Қонақбай және Арман Чамани өнер көрсеткен. Олардың үшеуі ақтаулық киберспортшылар.
Кеше жас киберспортшыларды әуежайдан ақтаулық жанкүйерлері мен тума-туыстары күтіп алды.
Ақтаулық киберспортшы Данияр Қонақбайдың айтуынша, бұл спорт түрімен кәсіби түрде екі жылдан астам уақыт айналысып келеді. Оған дейін джиу-джитсу және кикбокспен айналысқан.
-Бұл спортпен айналысу үшін, ең алдымен табандылық пен еңбекқорлық қажет. Сондай-ақ, бұл командылық ойын екенін ұмытпаған жөн. Ауызбіршілік қажет. Өйткені команданың жеңісіне, әрбір ойыншы жауапты. Кешегі өткен чемпионатта бізге жеңіс әкелген осы қасиеттер. Ойында Қытайдан келген команда мықты қарсылас болды. Бірақ ойынның шешуші кезінде оларды басып оздық, - дейді Данияр Қонақбай.
Жас киберспортшылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта БАӘ өтетін «Star Challenge» турниріне қатыспақ. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Pubg Mobile-дан» өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынамақ.